16 маусымда ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында Түркі әлеміне танымал, әзербайжан жазушысы Мір Жәлел Пашаевтың туғанына 115 жыл толуына орай «Таулардың жүрегі» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрайымы Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы ашып, сөз кезегін шара модераторы – жазушы, ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Саят Қамшыгерге ұсынды.
Аталмыш кітаптың тұсаукесер рәсімінде Әзірбайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісі Мәдениет комитетінің төрайымы, Әзірбайжан – Қазақстан парламентаралық байланыстары жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, ақын, профессор, доктор Ганира Пашаева ханым, ұйғыр халқының белгілі жазушысы, Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш», «Қорқыт ата» әдеби сыйлықтарының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және драматург Ахметжан Ашири, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Марат Тоқашбаев, Алматы Әзірбайжандар Қауымдастығының төрағасы Гахраман Садиев, қоғам қайраткері, публицист, жазушы, ақын, Әзірбайжан және Қазақстанның Республикалық достық қоғамының вице-президенті Насиха Кенжина, филология ғылымдарының докторы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Балтабаева Гаухар және т.б. сөз сөйледі.
Әзірбайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісі Мәдениет комитетінің төрайымы, Әзірбайжан – Қазақстан парламентаралық байланыстары жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, ақын, профессор, доктор Ганира Пашаева ханымға ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің басшысы Бекпулатова Айхан Құдайбергенқызы ТҮРКСОЙДЫҢ 30 жылдығына арналған «ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БІРЛІГІ» атты кітап көрмесін таныстырып, қонақтарға кітап-иллюстрациялық көрмеге шолу жасады.
Шарада белгілі дәстүрлі әнші Біржан Бәзілжанов Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», Алматы Әзірбайжандар Қауымдастығының жас мүшесі Али Байрамов атақты әзірбайжан эстрада әншісі Муслим Магомаевтың «Азербайджан» әндерін шырқады.
Тұсаукесер шарасы ҚР Халық әртісі, Алматы қаласы әкімдігі Концерттік оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Мұрат Серкебаевтің жетекшілігімен құрылған квартеттің музыкалық сүйемелдеуімен өтті.
Іс-шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан «Гейдар Алирза оглу Алиев», «Әзербайжан», «Қазақ жазушыларының шығармалары әзірбайжан тілінде», «Мир Джалал Али оглы Пашаев» тақырыбында көрмелер ұйымдастырылды.
Қатысушылар: әдебиеттанушы ғалымдар, зерттеушілер, әдебиетшілер, ақындар мен жазушылар, қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері.