15 маусымда ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында 26 маусымда атап өтілетін Халықаралық есірткі заттарын теріс пайдалану және олардың заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Алматы қаласы «Психологиялық денсаулық сақтау орталығының» нарколог-дәрігері – Трубникова Анна Александровна, Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының аға жедел уәкілдері, полиция майоры –Досболова Сұлушаш Ақылбекқызы және полиция майоры – Көбеев Дәурен Асқарұлының қатысуымен «Жастар есірткіге қарсы» тақырыбындағы кітапхананың жас мамандарымен кездесу өтті.
Шараның мақсаты – адамзат өміріне қауіп төндіріп отырған есірткінің зиянын және улы екенін түсіндіре отырып саналыққа, салауатты өмірді таңдауға тазалыққа, лас істерден аулақ болуға және жан сұлулығымен қатар тән сұлулығын сақтауға тәрбиелеу. Есірткі жайлы кеңінен мағлұмат бере отырып құқықтық тәрбие беру, салауатты өмір салтын насихаттау.
⠀
Кездесуді ҚР Ұлттық кітапханасы директорының кітапхана ісі жөніндегі орынбасары Юсупова Ажар Хамитқызы жүргізді. Өз кезегінде қонақтар есірткінің медициналық тұрғыда адам ағзасына зияны мен оның түрлері және есірткі тұтыну, сату және контрабандалық іс-қимылдардың заң жүзінде қарастырылған жаза түрлері, есірткі өнімін ұсынушылар, тасымалдаушылардан сақтану жолдары, сенім телефондарына және шұғыл әрекет ету тобына жүгіну ережелері бойынша сұрақ-жауап арқылы кең ауқымды мағлұмат берді.
⠀
Кездесу соңында Ажар Хамитқызы іс-шараны бірлесе өткізуге атсалысқандары үшін қонақтарға ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызының алғыс хатын табыстады.
⠀
Шара барысында «Психологиялық денсаулық сақтау орталығы» мамандарының қатысуымен Алматы қаласы полициясы департаментінің дайындаған синтетикалық есірткінің зияны және оларға деген тәуелділік туралы "Химиялық өлім" деректі фильмі көрсетілді.