8 маусымда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ТҮРКСОЙДЫҢ 30 жылдығына арналған «Біз біргеміз» мерекелік іс-шаралары аясында «ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БІРЛІГІ» атты кітап көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Көрменің мақсаты – түркі халықтарының тарихи және әдеби мұраларын насихаттау, мәдениет саласындағы өзара әрекеттестікті нығайту және кеңейту.
⠀
Іс-шараны айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі Талант Арынғали арнаумен ашты.
⠀
Шараны алғашқы құттықтау сөзбен ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қырғызстанның халық жазушысы Раев Сұлтан Әкімұлы бастап, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, мәдениеттанушы Әуезов Мұрат Мұхтарұлы, белгілі жазушы, кинодраматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елубай Смағұл Абатұлы, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Еркінбаев Ержан Мәлікұлы сөз сөйледі.
⠀
Шара аясында бірқатар танымал тұлғаларды ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Раев Сұлтан Әкімұлы «ТҮРКСОЙ 30 жылдығы» медалімен марапаттады.
⠀
«Түркі әлемінің бірлігі» кітап көрмесін ашу үшін лента қию рәсіміне ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Раев Сұлтан Әкімұлы, мәдениеттанушы Әуезов Мұрат Мұхтарұлы, жазушы Елубай Смағұл Абатұлы, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Еркінбаев Ержан Мәлікұлы, ақын, журналист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Есдәулет Ұлықбек Оразбайұлы, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы қатысты.
Шараның құрметті қонақтары: ТҮРКСОЙ ұйымының, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері; Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Арипов Назарали Турдалиевич; Түркия Бас консулдығының білім беру жөніндегі атташесі Кираз Мехмет; Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Каюмов Абдурахим Рашидович; Венгрияның Бас консулы Ференц Блауманн, Қазақстан халқы ассамблеясының, мәдени орталықтардың өкілдері және т. б.