27 сәуірде Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорына жыршы, Жетісу жыршылық мектебін жалғастырушы, фольклор жинаушы, әрі кәсіби заңгер Әбіш Әділбек «Жыраулар сөзі – тарихтың көзі = Poetries saga – memorials the nation = Слова жырау – зеркало истории» атты қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі кітабының бірнеше данасын сыйға тартты.
Автордың бұл кітабында ұлттың рухын көтеру мен жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мақсатында мұрағаттан жинаған тарихи жыр-термелерді, яғни VIII-ғасырдағы тасқа қашап жаздырған Иоллығ жыраудың Күлтегін батыр жыры, XIII-ғасырдағы Кетбұға, XVIII-ғасырдағы Саршуаш, Қабан, Сабдалы жыраулар, XIX-ғасырдағы Құлмамбет, Бақтыбай, Жүсіпбек қожа, Бөлтірік, Зарзаман Асан, Көдек, Шарғын сияқты жыр жампоздарының тың туындыларын өз мақамымен жырлап, нотасымен қоса топтастырған.
Жыршы Әбіш Әділбектің бұл кітабының жас ұрпаққа қазақтың түп-тамырын, тегін, қайдан шыққанын және кім болғанын танытып, тарихи санасын қалыптастыруда қосар үлесі зор болмақ.