25 қарашада ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай, Шығыстанушы, Мысырдағы мәмлүктер тарихын зерттеуші, арабтанушы - Қайрат Сәкидің «Сұлтан Бейбарыс», «Ер қаруы-бес қару», «Юрта на вершине пирамиды» кітаптарының таныстырылымы өтті.
Ұйымдастырушылар: ҚР Ұлттық кітапханасы мен Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Ғылым және инновация департаменті.
Шараны «Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің проректоры Шәмшәдин Керімұлы жүргізді.
Сөз сөйлеген қонақтар: профессор, доктор, Нұр-Мүбарак университеті ректоры Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад ал-Жинди, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры Қайрат Құрманбай, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының басшысы, «Жаңалық» саяси қуғын-сүргін музейінің аға ғылыми қызметкері, профессор Ғарифолла Әнес, профессор Сайын Бөрібасов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетіндегі Арабтану орталығының директоры Еркінбек Керімұлы және т.б.
Шара соңында Қайрат Сәки өзінің жаңа кітаптарының мазмұнына қысқаша тоқталып өтті.
Қатысушылар: ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Парламенті Мәжілісі мен мемлекеттік органдардың белгілі өкілдері мен қайраткерлері, ҚР-дағы Шығыс елдерінің Елшілік өкілдері, Республикамыздың ЖОО-дағы жетекші ғалымдар, отандық және шетелдік шығыстанушылар, философтар мен филологтар, тарихшылар, мәдениеттанушылар мен дінтанушылар және БАҚ өкілдері.