1 маусымда ҚР Ұлттық кітапханасында, Р.Бердіғалиева атындағы залда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Әбдірахманов Сауытбек Әбдірахманұлымен кездесу өтті. Аталған шара алдағы референдумға орай ұйымдастырылды.
Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты - Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы жүргізді.
Іс-шарада С.Ә.Әбдрахманов елді дамыту мен қоғамды демократияландырудың маңыздылығы, Мемлекеттің Негізгі заңы – Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың республиканың саяси жүйесін, халық билігін нығайтатыны туралы жан-жақты әңгімелеп, қойылған сауалдарға жауап берді. Қайраткер азаматтың әрбір тұжырымы ел өмірінен алынған нақты деректермен дәйектеліп отырды.
Парламент Мәжілісінің депутатына ҚР Ұлттық кітапхана қызметкерлері: Б. Ж. Жүнісбеков, А.Х. Юсупова, А.К. Рахимова және басқалар сұрақтар қойды. Кездесуде қатысушылар өзара пікір алмасып, референдумда әрбір азаматтың дауыс беруінің маңызы туралы ой бөлісті.
Қатысқандар: ҚР Ұлттық кітапханасының ұжымы, зиялы қауым және БАҚ өкілдері.