2019 жылғы 27 маусымда Н.Дәулетова атындағы залда «Мазмұндама» қоғамдық қорының ТОП-10 жобасының аясында жарық көрген Мұқан Шыңғыс Жұмабекұлының «Көшбасшылық» және «Лидерство» атты жинақтарының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараның модераторы «Ана тілі» газетінің бас редакторы, ҚР Президенті сыйлығының иегері Жанарбек Әшімжан болды.
Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы ашып, журналистер қауымын 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады.
ҚР Президентінің кеңесшісі Ысқақ Мақсат Нұрлыбекұлы шараға арнайы қатысып, жинақтың авторы Шыңғыс Жұмабекұлына өз ризашылығын білдірді. Ол, сондай-ақ БАҚ өкілдеріне Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының ізгі тілегін жеткізді.
Жинақтың авторы Мұқан Шыңғыс Жұмабекұлы кітапты шығаруға үлестерін қосқан әріптестері мен редакторларға алғысын білдіріп, оның жалпы мазмұнына тоқталды. «Біз ТОП-10 сериясымен оқырманға мейлінше қызықты еңбектерді жинадық. Бұл жинаққа көшбасшылық туралы әлемдік сұранысқа ие ең айтулы идеялар енген. Біздің мақсатымыз әр саладағы соңғы тенденцияларды қазақстандық оқырманға олардың өз тілінде ұсыну», - деді Шыңғыс Мұқан.
Шараға зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.